ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогтардың біліктілігін арттырудың қашықтан оқыту курстарын бастады

None
СТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің интерактивті студиясында педагогтардың біліктілігін арттырудың қашықтан оқыту курстары басталды. Бұл туралы аталған ведомствоның Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков мәлім етті.

Оның атап өтуінше, қашықтан оқыту курстарының циклін өткізу үшін 13 бағыт бойынша педагогтардың кәсіби құзіретін арттырудың модульдік бағдарламалары әзірленген. Аталған бағдарламаларда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді ұйымдастыру, бастауыш білім беру деңгейінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, көптілді білім берудің бейімді үлгісін енгізудің әдіс-тәсілдері, «Өзін өзі тану» пәнін оқытудың ерекшеліктері сынды жайттар қамтылған.

«Курстар педагог қызметкерлердің проблемалық аймақтарын анықтауға, педагогтардың іс-тәжірибелермен алмасуына, сонымен қатар оқу-тәрбие үрдісінің жаңа нысандар мен әдістерін, технологияларын енгізуге бағытталған. Бұл қашықтан оқыту курстары шалғайдағы ауыл мектептері педагогтарының біліктілігін арттырудың, кәсіби шеберліктерін жетілдірудің ең тиімді жолы», деді Н.Аршабеков.

Жалпы, осы іс шара барысында 45 мыңға жуық мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, облыстық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары, қызметкерлері қамтылмақ.