ҚР бірінші вице-премьері С.Ахметов «Нұра-Есіл» арнасын қайта жөндеу жұмыстарымен танысты

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР бірінші вице-премьері С. Ахметов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Нұра-Есіл» арнасын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Жобаның жүзеге асырылуы туралы С. Ахметовты 24 наурыз күні ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков ақпараттандырды. Олардың атап өтуінше, жоба бойынша проблемалық мәселелер жоқ және нысан белгіленген уақытта - 2012 жылдың қазан айында аяқталады.

Бұл жоба Астана қаласына берілетін техникалық судың кепілді көлемін арттыру, Майбалық балық питомнигіне судың берілуін қамтамасыз ету және Астана су қоймасынан судың өткізілуін азайту мақсатында іске асырылуда. Жаңарту жұмыстары жүріп жатқан «Нұра-Есіл» арнасының ұзындығы - 24,77 шақырым, ені - 3 метр, орташа тереңдігі - 4 метр, жаз мезгіліндегі су өткізу қабілеті - секундына 12,3 текше метр, қыс мезгілінде - секундына 3,9 текше метрді құрайды. Жобаның құны - 4,7 млрд. теңгеден астам.

Қазіргі уақытта бас мердігер мекемелер құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Жаңарту жұмыстары 2012 жылдың қазан айында аяқталады. Бүгінгі таңда арнаның 23 шақырымында жаңарту жұмыстары аяқталды, бұл жалпы атқарылатын жұмыстың 92 пайызын құрайды.