ҚР бұрынғы Денсаулық сақтау министріне қатысты істі тергеу аяқталды

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Жемқорлық қылмыстар жасады деп айыпталған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Жақсылық Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.

«Үстіміздегі жылдың 18 ақпанында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Жақсылық Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық істің тергелуі аяқталды. Оған мансабын асырған, пара алған, қызметтік лауазымын асыра пайдалану арқылы мемлекетке 673 миллион теңге шығын келтіріп, 2,4 миллиард теңгенің бюджеттік қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылды», - деді М.Жұманбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Бүгін айыпталушы мен оның қорғаушыларына қылмыстық істің материалдырымен таныстыру процедурасы жүргізілгенін атап өтті.

Еске сала кетсек, Ж.Досқалиевке қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың қыркүйегінде қозғалды. Оған қызметтік лауазымын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды, лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы бюджеттік қаржыны жымқырды деген айыптар тағылды. Министр қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін жалған инсульт жасады деген де күдік тағылды.