«Биылдан бастап Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваның бастамасымен біздің министрлік балалардың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған құны 163 млн теңгелік 14 жобаны іске асыра бастады. Бұл ауқымды жұмыстың басы ғана. Егер еліміздегі 13 мың Үкіметтік емес ұйымның жоқ дегенде 10 пайызы балалардың құқығы мен мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізсе, біздің балалар мен жасөспірімдер толығымен қажетті қамқорлықта болар еді», - дейді Нұрлан Ермекбаев.
Оның айтуынша, аталған гранттық жобалардың тақырыбы бірінші халықаралық «Балаларға мейірімді Қазақстан» конференциясының қорытындысы бойынша белгіленген. Ол жобалардың тақырыбын омбудсмен, Балалардың құқығы бойынша БҰҰ комитеті мақұлдаған. Осы жобалар аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, білім және кеңес беру орталықтары, 7 ҮЕҰ базасында әлеуметтік қызметтің шағын желілері пайда болған. Жалпы, жобалар бойынша 65 мың бала мен жасөспірім қамтылған.
Айта кетсек, «Балаларға мейірімді Қазақстан» тақырыбындағы 2-ші халықаралық конференция үкіметтік емес сектор мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірге балалар құқығы жөніндегі омбудсменмен серіктесе жұмыс жүргізу аясында өткізіліп отыр. Конференцияның жұмысын жүргізу 20-21 қарашаға көзделген. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, ҮЕМ мүшелері, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен түрлі ұйымдардың мүшелері қатысуда.