Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің) оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1223
2011 жылғы 28 қазан, Астана, Үкімет Үйі
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 188-бабы 4-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің) оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 сәуірдегі №312 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., №19, 168-құжат);
2) «Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу және оларды иеліктен шығару ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 сәуірдегі №320 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., №19, 171-құжат);
3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне стратегиялық объектілер мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы №448 қаулысының 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., №34, 270-құжат).
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 қазандағы №1223 қаулысымен бекітілген
Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің), оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің) оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңына және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және Стратегиялық объектілердің меншік иелерінің (құқық иеленушілердің), оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер:
1) Стратегиялық объектілер жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы стратегиялық объектілер бойынша консультативтік-кеңесші орган;
2) уәкілетті орган - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік орган;
3) стратегиялық объект иесі - стратегиялық объектінің меншік иесі болып табылатын және осы стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару бойынша мәміле жасауға ниеттенген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
4) кепіл ұстаушы - мүддесі кепілге салынған мүлкімен қамтамасыз етілетін тұлға;
5) оңалтушы басқарушы - Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелер жөніндегі заңнамасында белгіленген тәртіппен оңалту рәсімінің кезеңіне дәрменсіз борышкердің мүлкін және істерін басқару жөнінде өкілеттік берілетін тұлға;
6) конкурстық басқарушы - конкурстық іс жүргізуді жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен тағайындалған тұлға.
2. Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің), оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау тәртібі
3. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші), оңалтушы (конкурстық) басқарушы не кепіл ұстаушы уәкілетті органға осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішті және тізбесі Заңның 188-бабының 1 және/немесе 2-тармағында көзделген құжаттарды жібереді.
4. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды Комиссия мүшелерінің, салалық мемлекеттік органдардың және өзге мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жібереді.
Комиссия мүшелері ұсынылған материалдарды он жұмыс күні ішінде қарайды және Комиссия отырысы болатын күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органға қорытынды жібереді.
Стратегиялық объектіні иеліктен шығарудың ерекше шарттарын және сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу жөніндегі ұсынысты салалық мемлекеттік органдар және өзге мүдделі мемлекеттік органдар Комиссия отырысы болатын күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
5. Комиссия осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініштер мен өзге де материалдарды қарайды, стратегиялық объектіге ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару мәселесі бойынша хаттамамен ресімделетін тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, ол Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.
Хаттама Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын әзірлеуші - салалық мемлекеттік органды анықтау жөніндегі ұсынымдарды қамтуы тиіс.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі Комиссия ұсыныстарының негізінде ұсыныстарды алған сәттен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде белгіленген тәртіппен стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
7. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға берілген өтініштерді қарау және олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдауы құжаттар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында айқындалған құжаттардың толық пакетін алған күн құжаттардың келіп түскен күні болып есептеледі.
8. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды және ол қаулы түрінде ресімделеді.
9. Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тартқан және стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалануға ынта білдірген жағдайда, сатып алу Заңның 192-бабында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.
10. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдағаны туралы өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
Қосымшасы ресми БАҚ-тарда жарияланды.