ҚР-да ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық төмендей бастады - ҚР ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР-да ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық төмендей бастады, деп хабарлайды www.primeminister.kz ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.

«Қазақстанның эпидемиологтары 10 ақпаннан бастап ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық орташа есеппен 20%-ке күн сайын төмендеп отырғанын атап өтеді», - делінген министрлік хабарламасында. 

 Эпидемиологиялық маусымның басынан (2015 жылғы 1 қазаннан) бастап ЖРВИ және тұмаудың аурушаңдық, зертханалы диагностика және алдын алу бойынша апта сайынғы мониторингі жүргізілуде.

Мониторинг мәліметіне сәйкес республика бойынша ЖРВИ-дің барлығы 550 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Ауырған адамдардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі және жалпы сырқаттанушылықтың 68,0%-ін құрайды.

«Зертханалық зерттеулер деректерінің талдауы бойынша А(H1N1) pdm09, A(H3N2), В тұмау вирусының, соның ішінен А(H1N1) pdm09 айналымда басым болуы байқалады, сонымен қатар парагрипп, респираторлы-синцитиалды риновирусты және аденовирусты инфекциялар сияқты тұмау емес инфекциялардың айналымда болуы байқалады», - деп мәлімдеді ведомствода.

Сонымен қатар, ҚР ҰЭМ-де айтып өткендей, ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендеу үрдісіне қарамастан эпидмаусым аяқталғанға дейін мынадай профилактикалық шараларды сақтау және орындау керек. Атап айтқанда, ЖРВИ мен тұмау маусымында иммунитетті жақсарту препараттарын (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және т.б.), поливитаминдер пайдалану.

Бұдан өзге, витаминдер мен ақуызға бай, иммунитетті арттыратын тағамдарды (пияз, сарымсақ, шөптен, итмұрыннан және қарақаттан жасалған сусындарды және ашытқан қырыққабат, мүгжидек, лимондар, киви, мандариндер, апельсиндер, грейпфрут сияқты құрамында С витамині көп өнімдерді) тұтыну сияқты иммунитетті нығайтуға әсер ететін барлық шараларды қолдану. 

Сондай-ақ, жиі таза ауада жүріп, организмді шынықтыру ұсынылады.

«Тұмау асқынулармен қауіпті болатынын естен шығармау керек, сондықтан респираторлық аурулардың алғашқы белгілері байқалған кезде өз-өзіңізді емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге жүгіну қажет», - делінген хабарламада.