ҚР Демографиялық саясаты және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы салалық құжат ретінде қалыптасуы керек - Н.Қаюпова

АЛМАТЫ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алдағы уақытта қабылданатын ҚР Демографиялық саясаты және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына осы уақытқа дейін әр бағдарламада жазылып келген демография мен жанұяға қатысты мәселелер топтастырылып, салалық құжат ретінде қаралуы тиіс.


Бұл туралы бүгін Алматыда Тұжырымдаманы талқылауға қатысқан «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚБ-нің  төрайымы Нина Қаюпова  айтты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, 1997 жылы елімізде әйелдердің денсаулығын сақтау бағытында тұжырымдама қабылданған болатын.2001-2005 жылдарға арналған «Демографиялық жобалау» туралы тұжырымдама да бар.Сондай-ақ демография мәселесі «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында да көрсетілген.

«Бұл құжаттардың барлығы демография, жанұя мәселесіне қатысты.Алайда осында көрсетілген мақсаттардың кейбірі жүзеге асты, кейбірі сол күйі қалды.Мәселен, демограф мамандар дайындау мәселесі сол күйі қалып кетті.Жаңа қарастырылып жатқан Тұжырымдамада осылардың басы біріктіріліп, бұрынғы құжаттарда шешімін таппаған мәселелер шешімін табуы тиіс», дейді Н.Қаюпова.

 Оның айтуынша, жаңа Тұжырымдамада босанатын аналардың құқығы мен денсаулығына көңіл бөлінуі тиіс. «Мәселен, бүгінде босанатын әйелдердің 18-20 пайызы еш жерде жұмыс істемейтіндер.4-5 пайызы студенттер.Сондай-ақ әйелдердің 38 пайызы материалдық жағдайына байланысты түсік жасатады.Осының бәрі демографияға үлкен әсер етіп отыр.Сондықтан жаңа құжатта осыларды шешу жолдары анық көрсетілуі тиіс», дейді қоғамдық ұйым басшысы.Ол бұнымен қатар біздің елімізде осы бағыттағы құжаттардың халықаралық талаптарға сай емес екендігін айтады. Мәселен, елімізде мигранттарға босану кезінде ғана тегін жәрдем көрсету көзделген.