ҚР Демографиялық саясаты және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жақын арада қабылдануы тиіс -Мәжіліс депутаты

АЛМАТЫ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазіргі кезде талқыланып жатқан «ҚР Демографиялық саясаты және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» тез арада қабылдануы тиіс.


Бұл туралы бүгін Алматыда Тұжырымдаманы талқылауға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Елена Тарасенко айтты , деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бұл Тұжырымда бірқатар мәселелерді шешуге ықпал етеді. «Қазіргі кезде Қазақстан өлім көрсеткіші жөнінде ТМД елдерінің алдында тұр. Еркектер мен әйелдер жасының айырмашылықтарында да алшақтық бар.Мәселен, жасы 65-тен асқан 100 еркек болса, әйелдер саны - 180. Сондай-ақ елімізде жанұяны қорғау жөніндегі нақты  бағдарлама жоқ», дейді Мәжіліс депутаты.

Ол сондай-ақ бізде салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттаудың нақты бағдарламасы қажеттігін айтады.

«Біз қазіргі кезде салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы жиі айтамыз, талқылаймыз. Бірақ адамдардың санасына берік сіңіретін нақты бағдарлама жоқ.Осының бәрі Тұжырымдамада көрсетіліп, тез арада қабылданып, жұмыс істей бастауы  тиіс», деді  Е.Тарасенко.