ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «С» гепатитін жұқтырған онкологиялық аурумен науқас балалар ата-аналарының бастамашыл тобының үндеуі бойынша хабарлама жасады

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат. Хабарламада мынандай шаралар атап көрсетілген.

1) 2010 жылғы 22 қаңтарда «Медициналық ұйымдарда инфекциялық ауруларды жұқтырудың алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің № 35 бұйрығы бекітілді;

2) 2010 жылғы 1 шілдеге дейін барлық қан орталықтары вирусинактиваторлармен және вирусты гепатиттердің ПЦР- диагностикасына арналған қондырғылармен жарақтандырылады (қаржы көздері ескерілген);

3) 2010 жылғы 15 ақпанға дейін «В» және «С» вирусты гепатиттерінің диагностикасы және ем жүргізу алгоритмдері әзірленеді (науқастарды емдеудің клиникалық, ұйымдастыру, тактикалық аспектілері). Оның ішінде «В» және «С» вирусты гепатиттерімен ауырған науқастарды емдеу және диспансерлік бақылау инфекциялық ауруханалар (бөлімшелер) базасында жүзеге асырылатыны туралы шешім қабылданды;

4) 2010 жылғы 20 қаңтардан бастап гемабластозбен ауыратын ересек науқастарды емдеу үшін «Қазақ онкология және радиология ғылыми- зерттеу институты» РМКК- да 30 төсек-орындық бөлімше ашылды;

5) 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында лейкоз ауруын емдеу үшін «Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығы» РМКК-да (бұдан әрі - ПБХҰО) төсек-орындар санын 60-тан 80- ге дейін көбейту және 2010 жылғы 1 шілдеден бастап гемабластозбен ауыратын науқас балалар үшін сүйек кемігін трансплантаттау бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Министрлік Астана қаласында «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы» АҚ базасында онкогематологиялық бөлімше ашу қажет емес деп есептейді, өйткені Астана қаласында есепте лейкемиямен ауыратын 5 бала тіркелген. Қабылданған шаралар медициналық қызметтердің осы түрін көрсету қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Және де онкогематологтялық аурулардың бұл түрлерінің диагностикасы мен емдеуін республика бойынша қолданылатын бірегей тәсілді ескеру қажет.

6) гемабластозбен ауыратын балаларды дәрілермен қосымша қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Осы санаттағы науқастардан дәрілік заттардың болмауына Денсаулық сақтау министрлігіне шағым келіп түскен жоқ.

7) «В» және «С» вирусты гепатиттерімен науқас балаларды емдеу үшін кезең-кезеңімен бір орталықтан дәрілік заттар сатып алу мәселесі шешілді (2010 жылы- балалар үшін, 2011 жылы- ересек науқастар үшін). Вируске қарсы негізгі Роферон препаратын (интерферон) «Фармация» СҚ сатып алды, өңірлік инфекциялық ауруханалардың және ПБХҰО өтінімдері бойынша жақын арада жеткізетін болады. Вируске қарсы басқа Ребетол препараты «Хоффман ля Рош» компаниясымен келісім негізінде тегін жеткізілетін болады. 18 жасқа дейінгі балаларға пигилденеген интерферондарды қолдануға болмайтын жағдайлар, қарсы көрсетімдер ескеріле отырып, бұл дәрі- дәрмектер сатып алынбайды.

8) Алматы қаласындағы № 2 қалалық аурухананың базасында лейкемиямен ауыратын балаларға медициналық қызмет көрсету үшін диспансерлік кабинет және күндізгі стационар ашылды, осында бұл балалар тегін емделеді.

9) ПБХҰО базасында науқас балаларға барлық тексерулер (биохимиялық, гематологиялық) тегін жүргізіледі.

Қазіргі кезеңде Алматы қаласының прокуратурасы балалардың «С» вирусты гепатитін жұқтыру себептерін анықтау бойынша ПБХҰО қосымша тексеру жүргізе бастағанын қосымша хабарлаймыз.