ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы сайланды

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Байжүнісовтың төрағалығымен селекторлық режимде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді.

Отырыста аталмыш кеңестің жаңа төрайымы болып ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Надежда Петухова сайланды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Байжүнісов Кеңес құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдармен жолға қойылған белсенді әрекеттестікті атап өтіп, нәтижелі өзара ынтымақтастық 2013 жылы да жалғасатындығына сенім білдірді.

Отырыс барысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 50-ден астам үкіметтік емес ұйымдар қатысқан әлеуметтік идеялар конкурсының жеңімпаздары жарияланды. Денсаулық сақтау Ұлттық палатасының 2012 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып биылғы міндеттері белгіленді.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып отандық денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселері жөнінде қоғамдық пікір ашық түрде сараланатын консультативтік орган - Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрды.

Кеңестің өткен отырыстарында органдар мен тіндерді трансплантациялау, есірткіге тәуелді тұлғаларға опиоидтық орынбасушы терапияны іске асыру, ҚР онкологиялық көмекті дамыту, Денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстарын дамыту тұжырымдамасы, темекіге қарсы заңнаманы сақтау, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тәжірибесі туралы және тағы басқа мәселелер қаралғанын атап өту керек.

Отырыстың қорытындысында Кеңестің жаңа төрайымы Надежда Петухова отандық денсаулық сақтау саласының алдында тұрған басты міндеттерді шешуде барлық мүдделі тараптар бірлесе жұмыс атқаруы керектігін атап өтті.