15:54, 31 Наурыз 2009
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бірыңғай денсаулық сақтау ақпараттық жүйесі құрылады
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде денсаулық сақтау басқару органдары мен Астана қаласының денсаулық сақтау ұйымдарында бірыңғай ақпараттық жүйенің ілкі жобасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңес болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Республика денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің бұйрығымен бірыңғай ақпараттық жүйенің ілкі жобасын жүзеге асыру және «ҚР денсаулық сақтау секторында институционалдық реформаны жүргізу және технологияларды беру» жобасын іске асыруды үйлестіріп отыру « Салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары дирекциясына» жүктелді. Осы бұйрыққа сәйкес сәуірдің 1-інен бастап Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау ұйымдары мен басқару органдарында өндірістік жағдайларға барынша жақындастырылған бірыңғай денсаулық сақтау ақпараттық жүйесінің ілкі жобасы іске асырыла бастайды.
- Ілкі пайдалануды 60 нысанда жүргізетін боламыз. Олар ? ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық басқару органдары, республикалық және қалалық денсаулық сақтау ұйымдары, - деп атап өтті республика Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықов.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірыңғай денсаулық сақтау ақпараттық жүйесін кең ауқымда ілкі пайдалану жұмыстары алдында зор ұйымдастырушылық шаралары іске асырылды. 2005 және 2008 жылдар арасында медицина ұйымдарында көптеген үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйені бағдарламалық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді, Астана қаласында ақпараттық технологиялар инфрақұрылымы жасалды, есептеу техникалары құралдары сатып алынып, олар жергілікті есептеу жүйелеріне қосылды, мәліметтерді беру желісі ұйымдастырылды. Бірыңғай ақпараттық жүйені ілкі пайдалану орнықты нормативтік базаны қалыптастыру, оның бағдарламалық қамтамасыз етілуін жетілдіру, медициналық қызметкерлер арасында оның қажеттілігін қалыптастыру мақсаттарын көздейді.
Жобаның негізгі тапсырыс берушісі ретінде Денсаулық сақтау министрлігі ілкі жобаны пайдалануды жүзеге асырудың барысына жалпы басшылық жасайды, тиісті нормативтік-анықтамалық ақпараттарды, бірыңғай ақпараттық жүйенің негізгі ұстанымдары мен регламенттерін бекітеді. Ал «Салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары дирекциясы» негізгі үйлестіруші болып, оның базасында денсаулық сақтауды ақпараттандыру орталығы құрылады.
- Сөйтіп біздің дирекция салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарына мониторингіні, бақылау және техникалық қадағалау жұмыстарын жүзеге асыру сияқты өзінің негізгі міндеттеріне қоса республиканың денсаулық сақтау құрылымдық бөлімшелеріндегі бірыңғай ақпараттық жүйені пайдалану жұмыстарын үйлестіріп отырумен тікелей айналысады. Ілкі жобаны жүзеге асыруда Астана қаласының денсаулық сақтау орындары басты рөл атқармақ. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, елордадағы №1 емхана сияқты медицина мекемелерінде басталып кетті, - деді «Салынып жатқан денаулық сақтау нысандары дирекциясының» директоры Арынғазы Беркінбаев.