ҚР Дін істері агенттігі 579 діни топтың қызметін тоқтату бағытында жұмыстар атқаруда

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Дін істері агенттігі 579 діни топтың қызметін тоқтату бағытында жұмыстар атқаруда.

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында аталған агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.

«Агенттік өз құзіреті аясында діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара байланыс мәселелері бойынша облыстардың, республикалық маңыздағы қалалар мен Астананың жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіруде. Жергілікті атқару органдарымен ортақ күш жұмылдыру нәтижесінде заңға сәйкес заңды тұлға белгісі жоқ 579 саны аз діни топтардың қызметін тоқтату бойынша жұмыстар атқарылуда», - деді агенттік басшысы.

Қ.Лама Шарифтің айтуынша, еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданғанға дейін олар жергілікті атқарушы органдарда тек есептік тіркеуден ғана өтетін. Олардың басым бөлігі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қызмет жасаған.

 «Бүгінгі күнде олардың басым бөлігі әкімдіктерге өз құжаттарын өткізіп, қызметін тоқтатты», - деді ол.