ҚР Дін істері агенттігінің дінтанушы мамандары БҚО жұртшылығымен кездесті
оған облыс, қала әкімшілігі, жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындарының басшылары және мектеп директорлары, ҮЕҰ жетекшілері мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің басшылары қатысты.
Кездесуде ҚР Дін істері агенттігі исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы, исламтанушы Наурызбай Өтепов, осы агенттіктің мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының аға ғылыми қызметкері Дүйсенбай Кенжетай және ҚР Дін істері агенттігі дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері Көкенай Сасат елімізде дінаралық келісімді нығайту, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалынан жастарды сақтандыру сияқты өзекті мәселелер туралы жан-жақты әңгімеледі.
Дінтанушы мамандардың пайымдауынша, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңы қабылданғалы елімізде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, діни ахуал тұрақтанып келеді. Жұмыс істейтін түрлі конфессиялар мен діни бірлестіктер қайтадан тіркеуден өткізіліп, олардың жұмысы туралы ақпараттандыру жақсы жолға қойылған. Тек соңғы екі жыл ішінде облыс көлемінде жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерімен, мектеп оқушыларымен, ауыл жастарымен дін тақырыбына арналған 400-ге жуық кездесулер өтті, оларға барлығы 150 мыңға жуық тұрғын қатысты. Нәтижесі де жоқ емес. Ислам діні ең ізгі дін екеніне көпшіліктің сенімі нығайды, әсіресе, жастар діннің адам өмірінде маңызды орын алатынын түсіне бастады.
29 наурыз күні БҚО дін істері департаментінің ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысында діни экстремизмнің алдын алудағы БАҚ-тың рөлі» атты семинар-кеңес өтпек.