ҚР дипломаттары Моңғолиядағы футбол турнирінде бірінші орынды еншіледі

БЕЙЖІҢ-ҰЛАН-БАТЫР. ҚазАқпарат - 18 маусым күні Ұлан-батырда дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдері арасындағы футболдан Моңғолияда жыл сайынғы жолдастық матчы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.



Оған 16 команда қатысты: Қазақстан, Түркия, Жапония, Аустралия, Венгрия, БҰҰ, Азия даму банкі (АДБ), Ресей, Оңтүстік Корея, Лаос және т.б.

Ойында бірінші орынды Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің құрама командасы жеңіп алды, олар ақтық сында Түркия елшілігінің командасын пенальти бойынша ұтты. Үшінші орынды Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдігінің құрамасы иеленді.

Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Қалыбек Қобландин турнирдің кубогын алып жатып, бұл жеңісті Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналатындығын атап өтті.