ҚР ДСМ стоматологиялық клиникаларды лицензиялау тәртібін қайта қарайды

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану мүмкіндігін алып тастауға байланысты  стоматология клиникаларының қызметін реттеу жөнінде пікір білдірді.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта бұл салада лицензия беру тәртібі өзгертіледі.

– Қолда бар деректерді ескерсек, жаңа клиникаларды ашу бойынша лицензия беру және бақылау тетіктері қайта қаралады. Екіншіден, біз лицензия берілгеннен кейінгі бақылау (постлицензиялық бақылау) мәселесін көтереміз. Қазір лицензия бір рет беріледі және тек сот шешімімен ғана қайтарып алынуы мүмкін, – деді Е.Оспанов Мәжіліс кулуарында.

Вице-министр атап өткендей, бұл өзгерістер клиникалар қызметіне бақылауды күшейтуге және зейнетақы жинақтарын пайдалануда ашықтықты арттыруға бағытталған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек зейнетақы жинақтарынан артылған соманы стоматологиялық қызметтерге төлеуге тыйым азаматтардың құқығын бұзатынын айтқан еді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жаңа ратификацияланатын заң жобаларының қорытындыларын оқыған еді.