ҚР Егемендік туралы декларациясының қабылданғанына - 23 жыл

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 25 қазан Республика күні болып табылады. 23 жыл бұрын, 1990 жылы осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды.

Қазақстан өзінің атрибуттары, соның ішінде халықаралық саясатта құқықтары мен міндеттері бар дербес ел болып жарияланды. Декларация тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге негіз болды. 2009 жылдан бері бұл күн мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілмейтініне қарамастан ол қазақстандықтар үшін және еліміздің саяси оқиғаларының күнтізбесіндегі  маңызды күн болып қалады. Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор, белгілі тарихшы Бүркітбай Аяғанның айтуынша, егемендік туралы декларацияны қабылдау Қазақстанның тоталитарлық тәртіптен азат елді құруға дайын екендігін көрсетті.

«Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау - қазақ халқының тарихындағы ұлы оқиға. Қазақстан азаматтары өздерінің еркін жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Декларация тоталитарлық мұрадан бас тартудың белгісі болды. Халыққа өзгерістер, жаңашылдық, экономикалық еркіндік қажет болды. Адамдар көп азап шекті. Өйткені, КСРО заманындағы жүйеде тыйым салынған жағдайлар көп болды. Бастысы, Қазақстан декларацияда бүгінгідей азат ел құруға дайын екендігін жеткізді», - дейді Б.Аяған.

Еске салайық, 2009 жылы наурызда заңнамаға түзетулер енгізіліп, Республика күні атап өтілмейтін болды.