ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев кеше Қазақстан Республикасындағы Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Манаклал Сонимен кездесті.

Аталған ведомствоның мәліметінше, Бақытжан Сағынтаев соңғы уақытта қазақстандық компаниялар Оңтүстік Африка нарығында белсенді қатысып отырғандығын, дегенмен қазақстандық-оңтүстік африкалық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі қосымша серпінді қажет ететінін атап өтті.

Тараптар екі жақтың сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ қазақстандық-оңтүстік африкалық ынтымақтастықтың тереңдеп және одан әрі кеңеюіне тұғыр болуына септігін тигізетін алдағы уақытта жоспарланған ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ОАР-ға сапарына қатысты пікір алмасты.

Кездесу қорытындысында министр оңтүстікафрикалық тарапты Қазақстанның халықаралық бастамаларын, соның ішінде Астана қаласында «Ехро 2017» халықаралық көрмесін өткізу сияқты бастамасына қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.