ҚР Елшісі А.Мусинов БАӘ Федералдық ұлттық жиналысының төрағасы М.Әл Мурмен кездесті

None
ӘБУ-ДАБИ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Дубайда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Мусиновтың Біріккен Араб Әмірліктерінің Федералдық ұлттық жиналысының төрағасы Мұхаммед Ахмед Әл Мурмен кездесуі болып өтті.

Жүздесу барысында БАӘ парламентінің төрағасы екі елдің арасындағы саяси және сауда-экономикалық қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалады.

Өз кезегінде Елші Қазақстанда саяси және экономикалық салаларда өткізіліп отырған жаңғырту, қоғамдағы оң әлеуметтік өзгерістер туралы ақпараттандырды. Сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиясымен таныстырды.

БАӘ парламентінің төрағасы Қазақстан дамуының жоғары қарқынын мойындап, «Қазақстан-2050» бағдарламасында баяндалған мақсаттарға қол жеткізілетініне сенімін білдірді.

Кездесудің қатысушылары Қазақстан мен БАӘ-нің халықаралық саясаттың басты мәселелері бойынша айқындамаларының ұқсастығын атап өтті. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктерінің Азиядағы өзара әрекеттестік пен сенім шараларын нығайтуға толық қолдауын білдіретіні, Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне белсенді қатысатыны атап өтілді.

ҚР Елшісі қазақстандық-әмірлік экономикалық байланыстар беталысына ерекше тоқталды. Әмірлік тарап Орталық Азиядағы бірегей жоба - Астанадағы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын жүргізуде, сондай-ақ БАӘ-нің «Әл Хиләл» жетекші банкі қазақстандық қаржылық нарықта өз қызметтерін көрсетуде. Бұдан басқа, Қазақстан мен БАӘ «Әл Фалах» бірлескен инвестициялық қорын құрды.

Парламент төрағасы Қазақстан Республикасын 2017 жылы EXPO беделді халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болумен құттықтады. Ол Әмірліктің де Астанадан кейін оны қабылдауға талаптанып отырғанын атап өтті. М.Әл Мурдың пікірінше, ірі халықаралық шараларды өткізу тәжірибесіне ие Дубай қаласының EXPO көрмесін қабылдауға құқығы бар.