ҚР Елшісі Чехия БАҚ-қа Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құру туралы айтып берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Чехия Республикасындағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Прагада Чехияның жетекші БАҚ-тарының өкілдері үшін кеңейтілген брифинг өткізді.

Баспасөз мәслихатының басты тақырыптары: Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күн (29 тамыз), МАГАТЭ-нің біздің елімізде төмен байытылған уран Халықаралық банкін құруы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Үкіметтің елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру шаралары, Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық және ҚР-ның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсыну.

ҚР-ның Чехия Республикасындағы Елшілігінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, өз сөзінде С.Әбдікәрімов Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен 450-ден астам ядролық сынақ өткізілген, қуаттылығы бойынша Хиросима мен Нагасакидің ядролық бомбалануынан 2500 есе артық болған Семей сынақ ядролық полигоны (ССЯП) мәңгілік жабылғанын атап өтті. Полигон жабылған соң, әлемнің басқа да ірі полигондары өз жұмысын тоқтатты.

Қазақстанның ұсынысымен 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл жүргізудің Халықаралық күні деп жариялады.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-ның ядролық қарудан еркін әлемге қол жеткізу, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан еркін аймақты құру бастамасы таратпау режимін және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Елші әлем қауымдастығын ядролық қару сынақтарына соңғы және үзілді-кесілі тыйым салу және оны жаппай жою мақсатын ұстанған АТОМ (Abolish Testing - Our Mission/Сынақтарды болдырмау - Біздің Миссия) халықаралық жобасы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

2015 жылдың 27 тамызында Астанада Қазақстанда МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімдер пакетіне қол қою туралы айтқанда, дипломат Астана мен Агенттіктің бірлескен жобасы уранды байыту бойынша қуаттылықтары жоқ және оған талпынбайтын елдерге ядролық отын жеткізілімдерінің кенеттен тоқтатылуы кезінде оны алуға кепілдіктер мүмкіндігін беретінін атап өтті.

Қазақстанның ішкіэкономикалық жағдайын сөз еткенде, Елші әлемдік қаржылық және тауар нарықтарындағы жағдайдың нашарлауы, бағалардың, біздің негізгі экспорттық баптарымызға сұраныстың төмендеуі жағдайында Үкімет пен Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу режиміне (валюталық дәлізді тоқтату және теңгенің еркін жүзетін бағамына өту) негізделген жаңа ақша-несиелік саясатқа өту шешімін қабылдағанын атап өтті.

Осыған байланысты экономикалық саясат өндірістің бәсеңсуін, инвестициялық және несиелік белсенділіктің қысқаруын, жұмыссыздықтың көбеюі және тұрғындар әл-ауқатының төмендеуін болдырмау мақсатымен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың сақталуына бағытталады.

Сонымен бірге, күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарамастан, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары белсенді жалғасып келе жатқаны атап өтілді.