Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сенім грамоталарын қабылдай отырып, Италияның Президенті қазақстандық Елшіні жылы жүзбен қарсы алып, тағайындалуымен құттықтады, қазақстандық-итальяндық стратегиялық әріптестікті алға бастыруда табыстар тіледі.
Қазақстандық дипломат, алдына қойылған міндеттерді толығымен орындайтындығын және екі жақты қатынастарды күшейту мен тереңдетудің жаңа жолдарын қарастыратындығын атап өтті.
Рәсім барысында өткен сұхбаттасу кезінде итальяндық мемлекет басшысы Қазақстанмен саясат, сауда-экономикалық және мәдениет салаларында өзара қарым-қатынастарды дамытуда Италия жағының мүдделерінің арта түскендігін атап өтті. Дж.Наполитано екі жақты қазақстандық-итальяндық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жоғары әлеуеті мен болашағына және сауда-экономикалық бағытқа серпін беру қажеттігіне басты назар аударды.
А.Елемесов, өз кезегінде, Дж.Наполитаноны Қазақстан Президентінің жаңа сыртқы саяси бастамалары, біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы хабардар етті және үдемелі түрде дамып келе жатқан қазақстандық-итальяндық қатынастарды одан әрі өрістету қажеттілігіне тоқталды.
Сұхбаттасу соңында Андриан Елемесов Джорджио Наполитаноға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан бейбітшілік және игілікті тұрмыс тілектерімен құттықтау сөзді жеткізді. Өз кезегінде Италияның Президенті өзінің қазақстандық әріптесіне ризашылық сөздерін жеткізуді сұрады және Қазақстанның экономикалық дамуына табыстар тілейтіндігін білдірді.
Қазақстандық-итальяндық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жоғары әлеуеті мен болашағы атап өте отырып, сауда-экономикалық бағытқа серпін беру қажеттігін айтқым келеді - Италия президенті Джорджио Наполитано