ҚР Елшісі Қ.Лама Шариф Сауд Арабстанының монетарлық-несиелік агенттігінің төрағасы Х.Әл-Сайяримен кездесті
16:16, 20 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат – Эр-Риядта Елші Қайрат Лама Шариф Сауд Арабстанының монетарлық-несиелік агенттігінің (САН Орталық банкі) төрағасы Хамада әл-Сайяримен кездесу өткізіп, тараптар қаржы саласындағы екіжақты қатынастардың даму перспективасын талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қазақстандық дипломат сұхбаттасушысына ризашылықпен қабыл алынған «Жаһандық тәуекел жүйесіндегі Еуразия экономикалық қауіпсіздігі» екінші Астана форумына қатысуға ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың шақыруын тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстанның Елшісі жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстанның банктік жүйесіндегі осал жерінің бар екеніне әңгімелесушісінің назарын аударып, 2008 жылғы ҚР Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық және қаржы қызметіндегі негізгі бағыттар туралы хабардар етті. Хамада әл-Сайяри Сауд Арабстанының Орталық банкі мен ҚР Ұлттық Банкі арасындағы орнатылған тікелей байланыстарға айрықша қызығушылық танытты.