ҚР елшісі мен ҚХР Мәдениет министрі Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндеріне дайындық мәселелерін талқылады

None
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшісі Н.Ермекбаев Қытай Халық Республикасының Мәдениет министрі Цай Умен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, атап айтқанда, 2013 жылғы 5-8 қарашада өтетін Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндеріне дайындық мәселелері талқыланды.

«Министр Цай У Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын атап өтіп, екі ел арасында мәдени алмасу саласында келешегі бар бірқатар бағыттарға назар аударды. Ол Қазақстанның Мәдениет күндерінің ойдағыдай өтуіне және бұл іс-шара екі ел арасында өзара түсіністік пен достықты нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Н. Ермекбаев осы жолы салтанатты шаралар тек ҚХР астанасында ғана емес, сондай-ақ Шанхай және Үрімші қалаларында өтетінін мәлімдеді. Бейжіңнің Үлкен ұлттық театрында Қазақстанның алдыңғы қатарлы әртістерінің қатысуымен гала-концерт өтеді, сонымен қатар «Astana Ballet» хореографиялық ұжымының бөлек концерті, «Алтын адам: сақ қорғандарының қазынасы» атты жәрмеңке жоспарлануда.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық шеңберінде биыл Қытайда Қазақстандық киноның аптасы өтті, 2013 жылғы 25 қазанда тұсау кесері өтетін М.Қасымбековтың қытай тіліндегі «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы» кітабы жарық көрді, сондай-ақ Қытай жазушысы Ло Гуаньчжуннің «Үш патшалық» және «Өзен батпақтары» шығармаларын қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс жүргізілуде.

Келесі жылы Қытайдың Қазақстандағы Мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр.