ҚР Елшісі мен Татарстан Президенті Ржевте қаза тапқан жауынгерлерге арналған бірегей мемориалдың жұмысы және «Жеңіс пойызы» акциясын ұйымдастыру мәселелерін талқылады

None
АСТАНА. Маусымның 22-і ҚазАқпарат - Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков Қазан қаласына сапары кезінде Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

Маусымның 20-сында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарының жай-күйі әңгіме өзегіне айналды, деп хабарлайды Ресейдегі ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай Ржевте қазақстандық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасының жауынгерлеріне арналған ескерткіштің құрылысы әңгіме өзегіне айналды. З.Тұрысбековтің айтуынша, қазақстандық дипломаттар Подольскідегі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағаттарында Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-і және 101-і атқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлерінің тізімін жасау үшін белсенді жұмыс атқаруда. Аты-жөні тізімдер ҚР Ресейдегі елшілігінің сайтына орналастырылмақ, содан кейін қазақстандықтар мен ресейліктер оны толықтырып, толыққанды жинақталған тізімдегі есімдер Ржевтегі гранит тақтаға қашалып жазылады.

Ржев кезіндегі ұрыстарда Татарстан Республикасының да азаматтары көптеп қаза тапты, осыған орай Татарстан президенті Р.Минниханов қаһарман татарлардың атын мәңгілікке сақтау мақсатына да белсене атсалысатынын жеткізіп отыр. Тараптар Мәскеу үшін болған шайқастарда қаза тапқан қазақстандық және татар қаһарман жауынгерлердің есімдері мәңгі есте сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Ржевте бірлескен бірегей мемориалдық сәулеттік кешенін жасау туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, тараптар өз бастауын Астана мен Қазанда алатын «Жеңіс пойызы» бірлескен акциясын ұйымдастыру туралы да сөз байласты. «Жеңіс пойыздарының» бағыт-бағдары Мәскеу арқылы өтіп, үстіміздегі жылдың күзіне ашылуы жоспарланып отырған монументтің тұсаукесер күнінде Ржев қаласында мәреге жетпек. Есте қаларлық іс-шараларға Татарстан мен Қазақстанның ардагерлері атсалысады.