ҚР елшісі мен Түркия министрі Қазақстан Президентінің сапарын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлымен кездесті.

Жүздесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға ресми сапары, қазақ-түрік қарым-қатынасының жай-күйі, болашағы талқыланды, деп хабарлайды елшіліктің баспасөз қызметі.

Екі елшінің әңгімесі түрік-орыс қатынасын реттеуде үлкен рөл атқарғаны үшін Н.Назарбаевқа түрік елшісінің алғыс білдіруімен басталды.

Сапар бағдарламасы талқыланған соң, М.Чавушоғлы Түркия үшін жақында ғана БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайланған бауырлас республиканың жоғары делегациясын күтіп алу мәртебе екенін жеткізді.  «Бұл - Н.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның халықаралық аренада беделі зор екендігін білдіреді», деді ол.

 Ж.Түймебаев министрдің жылы лебізіне алғыс білдіре отырып,  екі елдің саяси, экономикалық, мәдени байланысы дамуының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан мен Түркия арасында орнаған қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Мысал ретінде елші жақында ғана өткен Түркиядағы Қазақстан күндерін, Сүйінбай Аронұлының мүсіні қойылғанын,  Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай ұйымдастырылған конферецияны, ҚР өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны айтты.

Сонымен қатар, түрік министрі сайын далада жаңа астананың - заманауи әсем қаланың тұрғызылуы - Н.Назарбаевтың  дер кезінде қабылдаған шешімі екенін айтты. «Бауырлас қазақ елін Астана күнімен құттықтаймын, зор жеңістер тілеймін», деп түйіндеді М.Чавушоғлы.