18:10, 18 Сәуір 2009
ҚР Елшісі Н.Оңжанов Дания Патшайымына сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат – Кеше Копенгагенде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Оңжанов Дания Патшайымы Маргрете ІІ-ге сенім грамотасын тапсырды және осы елдегі Елші міндетін қоса атқарушы ретінде тіркелді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«Фреденсборг» сарайында өткен тапсыру рәсімінен кейін болған әңгімеде Елші Дания Патшайымына Қазақстандағы қазіргі саяси және экономикалық жағдай, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың басты бағыттары туралы айтып берді және 2008 жылы қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап көрсетті. Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы байланыстардың белсенді серпініне назар аударды, дат іскерлік топтарының қазақстандық экономиканы жаңартуға қатысуы келешегін оң бағалады. Жоғары мәртебелі Патшайым Елбасы Н.Назарбаевтың 2000 жылғы Данияға сапары қазақстан-дат қатынастарының одан әрі дамуына берік негіз қалағанын атап көрсетті. Дания Патшайымы Маргрете ІІ Мемлекет басшысына игі тілектерін жолдады, ал Қазақстан халқының игілігі мен гүлденуіне тілектестігін білдірді.