14:05, 20 Қыркүйек 2013
ҚР Еңбек министрлігі 2014 жылы әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдарға 800 млн. теңге бөледі
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылы әлеуметтік тапсырыс аясында елдегі үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) 800 млн. теңгеге жуық қаражат бөледі. Бұл туралы бүгін астанада республикалық ҮЕҰ-мен өткен семинарда ведомство басшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Біз жылда халықтың осал топтарына арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ҮЕҰ-ларға бюджеттен қаражат бөлуді қарастырамыз. Биыл 715 миллион теңге бөлінді. Келесі жылы біз 800 млн. теңгеге жуық қаржы қарастыруды жоспарлаудамыз», - деді министр Т.Дүйсенова. Оның сөзіне қарағанда, министрлік БҰҰ-ның Даму бағдарламасының жұмыстары аясында арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынатын 47 ҮЕҰ-мен әріптестік орнатқан. «Қазіргі таңда аталмыш арнайы қызметтермен елде 2,5 мыңнан астам бала қамтылып отыр», - деп атап өтті Т.Дүйсенова.