ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жинақтаушы зейнетақы қорларының басшыларымен кеңес өткізді

АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков / - Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларының басшыларымен кеңес өткізді.

Кездесуде бірінші жартыжылдық қорытындылары бойынша қор қызметтерінің нәтижелері, дағдарыс әсерін жұмсарту үшін қабылданған іс-шаралардың тиімділігі талқыланды, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметтерін одан әрі жақсарту жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Кеңес барысында жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдай әлемдік дағдарыстың теріс ықпалынан туындаған үрдістің өзгеруімен сипатталатыны, оның нәтижесінде жинақтаушы зейнетақы қорларының бүкіл тарихында 2008 жылы бірнеше қорлар бойынша залал тіркелгені аталды. Жартыжылдық қорытындылары бойынша қорлардың жиынтық бөлінбеген табыстары 15,8 млрд. теңгені құрады, азаматтардың зейнетақы жинақтарының мөлшері жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 224,6 млрд. теңгеге ұлғайтылды және мөлшері 1,6 трлн. теңгеге жетті. Салымшылардың таза инвестициялық табыстарының сомасы 410,8 млрд. теңгені немесе зейнетақы жинағының жалпы көлемінің 25 пайызын құрады.

Сонымен қатар, кездесуде Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының азаматтардың көптеген есептерін біріктіру бойынша жасалған жұмыстары туралы ақпараты тыңдалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде түрлі жинақтаушы зейнетақы қорларымен біреуден артық шарттары бар салымшылардың саны барынша қысқартылды: егер олардың саны жыл басында 2,5 миллионнан астам адамды құраса, қазіргі уақытта бірнеше шарттары бар адамдардың саны 49 мың адам.

Кездесу соңында Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығы, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі және жинақтаушы зейнетақы қорлары даярлаған жинақтаушы зейнетақы жүйелерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар бойынша пікір алмасылды.