ҚР Энергетика министрлігі Жақсалиевтің үйқамаққа алынуына қатысты түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігі ведомство басшысының орынбасары Бақытжан Жақсалиевтің үйқамаққа алынуына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министлік Б.Жақсалиевке ресми қабылданған шараға қатысты ақпараттан хабарсыз екендігін мәлім етті.

«ҚР Энергетика министрлігі Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының вице-министр Б.Жақсалиевтің үйқамаққа алынуы туралы ресми хабарламасына байланысты жүргізілген жедел іс-шаралар бойынша қандай да бір нақты шараның қабылданғаны туралы ақпараты жоқ екендігін хабарлайды. Ведомство өз қызметінде елімізде қабылданған жемқорлыққа қарсы күрес шараларын ұстанатындығын және оның кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік қағидатымен қарайтынын мәлімдейді», - делінген министрлік ақпаратында.  

Ведомство мәліметінше, министрлік қызметкерлері арасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама нормаларын түсіндіру шаралары тұрақты жүргізіледі. Мәселен, 2017 жылы министрлік пен оның аумақтық бөлімшелерінде  жемқорлық тәуекелдерді ішкі сараптау (11 рет), жемқорлыққа қарсы мониторинг (10), іс-шаралар жүргізіліп (58), жемқорлыққа қарсы стандарттар (7) әзірленген.  2017 жылдың қорытындысында министрлік қызметкерлері тарапынан жемқорлық құқық бұзушылық тіркелмеген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пара алу күдігіне ілікті. Ол үйқамаққа алынды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ол  Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазарту бойынша жұмыстарды қабылдау барысында заңға қайшы әрекеттерге барған. Жақсалиев орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, жалпы сомасы 863 млн теңгені құрайтын су қоймасының түбінен 109 мың текше метр шөгінділерді алу туралы актілерге қол қойып, аталған соманы мердігерге аударған.

Айта кетейік, бұл, жемқорлық күдігі бойынша ұсталып отырған Энергетика министрінің екінші орынбасары. Ағымдағы жылдың 2 наурызы күні Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты вице-министр Ғани Сәдібековке екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешім шығарды. Кейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды.

Ғ. Сәдібековке «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен сөз байласып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Қылмысқа Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж. Нұрбеков және мердігер ұйымның өкілдері С. Жұмалинов және Б. Қадырберлин де қатысқан.