ҚР Энергетика министрлігі Жасыл климаттық қорымен өзара іс-қимылын күшейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат -Жасыл климаттық қоры негізгі серіктес ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның Жасыл климаттық қорымен өзара әрекеттесуін күшейту семинарында ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков мәлім етті.

«Күнтәртібіне климаттың өзгеруіне бейімделуге, табиғи құбылыстардың қолайсыз салдары мен қаупінен тәуекелдерді басқаруға байланысты мәселелерді шешуге, сондай-ақ таза энергетиканы дамыту үшін технологиялар трансферті шараларына және елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға инвестицияларды тарту бастамалары көтерілуде. Халықаралық қаржылық институттары қаржысын белсенді тарту тұрғысында біз Жасыл климаттық қорын негізгі серіктес ретінде көріп отырмыз»,-деді Ғ. Сәдібеков.

Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ Даму бағдарламасы секілді тіркелген ұйымдардың көмегімен аталған Қормен жұмыс істеу Мемлекет басшысы  жүктеген тапсырмаларды орындау үшін ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік береді. Осы ретте парникті газдар шығарындыларын төмендету бойынша  ауқымды мақсаттарды іске асыру экономиканың құрылымдық түрленуіне алып келеді, оның ішінде ауқымды әрі технологиялық жаңғыру бағыты да бар.

«ҚР Энергетика министрлігінің Жасыл климаттық қорымен өзара іс-қимылын күшейту үшін қазіргі кезде біздің министрлік тұрғысында өкілетті ұлттық органды айқындау бойынша қаулы жобасы әзірленді. Ведомствоға аталған қормен үйлестірілген жұмысты жүргізу мақсаты қойылды. Бұл бағыттағы шаралар нақты және тұрақты нәтиже беруге қауқарлы»,-деді вице-министр.