ҚР Энергетика министрлігінде Экологтар күніне арналған салтанатты жиын өтті (ФОТО)
Өзінің алғысөзінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау заңнамасы саласындағы жаңалықтарға тоқталып өтті, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
«Бірталай халықаралық келісімдерге (Озон қабаты бойынша Монреаль хаттамасы, Каспий теңізінің су және биологиялық қорын сақтау бойынша келісім), экологиялық мәселелер және төменкөміртекті «жасыл экономика» бойынша заңдарға қол қойылды. Бұл қол қойылған халықаралық құжаттар біздің экологиялық заңнаманы жақсартуға мүмкіндік берді, бұдан былай халықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа және әділ сотқа қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді. Экологияға тікелей қатысы бар жобаларды іске асыру барысында заңнамалық деңгейде міндетті түрде қоғамдық кеңесті өткізу шарасы бекітілді. Сонымен қатар Парниктік газдардың шығарындыларына квоталарды бөлу жөніндегі ұлттық жоспарды қалыптастыру бойынша енгізіліп жатқан өзгерістер парниктік газдардың шығарындыларына тиімді квота бөлу жүйесін және квотаның ішкі саудасын енгізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Салтанатты жиын барысында министрліктің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, ғылым қызметкерлері, ұстаздар және жоғары оқу орындарының студенттері және т.б. қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді қатысқаны үшін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және «Экология саласының үздігі» ведомстволық медалімен марапатталды
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қоршаған ортаны қорғау және жақсарту қажеттілігін қоғамның санасына тереңірек ұғындыру мақсатында БҰҰ Бас ассамблеясымен 1972 жылдың 15 желтоқсанында бекітілген болатын.
Өткізу күні 5 маусымға белгіленді, оған себеп, дәл осы күні Адамның қоршаған ортасы мәселелері бойынша БҰҰ-ның конференциясы ашылған еді (Стокгольм, 1972 жыл), конференциядан кейін Қоршаған ортаны қорғау бойынша БҰҰ-ның бағдарламасы құрылды (ЮНЕП).