ҚР Ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен 2023 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықтарын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: akorda.kz

Комиссия мүшелері биылғы Мемлекеттік сыйлықтарды алуға ұсынылған 13 жұмысты, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелерін қарады. Сондай-ақ медицина және денсаулық сақтау, инжиниринг және технология, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылық ғылымдары секциялары бойынша жасалған сараптамалық-талдамалық ұсыныстармен танысты.


Жиын қорытындысы бойынша 2023 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылған, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстардың тізімі бекітілді.

Комиссия шешімімен іріктеудің екінші кезеңіне 8 жұмыс жіберілді.

Келесі кезеңге өткен жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.