ҚР ИДМ Алматы әуежайында ұшақтар ұшырылуының кешіктірілуіне байланысты түсініктеме берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Алматы әуежайында ұшақтар ұшырылуының кешіктірілуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы әуежайындағы рейстердің кешіктірілуіне қатысты айтар болсам, қазіргі уақытта ұшуы кешіктірілген ешқандай рейс жоқ. Барлығы да штатты режімде жұмыс істеуде. Таңертең ерте екі рейс ауа райының қолайсыздығына байланысты 1 сағат 30 минутқа кешіктірілген болатын. Олар: «Алматы-Өскемен» және «Алматы-Семей» рейстері. Техниканың барлығы да бұзылмаған, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі уақытта бұл ұшақтар ұшып кетті», - деді ҚР Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР ИДМ баспасөз қызметінің өкілі Меруерт Ибраева.

Сонымен қатар ол 5, 7 және 8 наурыз күндері «Эйр Астана» компанясының ұшақтарында орын алған төтенше жағдайларға қатысты түсінікте берді.

«Бұл жайттарды министрлік бақылауда ұстап отыр. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың төрағалығымен 9 наурыз күні жедел кеңес өткізіліп, оған «Қазақ Эйр», «Бек Эйр» және «Эйр Астана» әуе компанияларының өкілдері шақырылды және «Эйр Астана» өкілінің орын алған жайттарға қатысты толық есебі тыңдалды. Төтенше оқиғаларға алдын ала мәліметтерге сәйкес «Airbus» қозғалтқышындағы ақау себеп болуы мүмкін», - деді Ибраева.