ҚР ИДМ Болгария бизнесмендерін бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды
«Екі елдің арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында үлкен әлеует бар. Бүгінде осы бағыттағы көрсеткіштер көңіл көншітіп отырған жоқ. Статистикаға сүйенсек, бірлескен 130-ға жуық кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 40-тан астамы белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан Болгариямен арада қарым-қатынастарды дамытуға ерекше мән беріп отыр, осы ретте қатынастарға тың серпін мен жаңа сапа беруге талпынуда»,-деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров.
Осы ретте ол азық-түлік өндіру, ауыл шаруашылығы, туризм, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру салаларында ынтымақтастықты жандандыруда елеулі перспективалар бар екенін атап өтті.
«Инвестициялық заңнаманы ары қарай жетілдіру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде инвесторларға қызмет көрсетудің секторлары ашылды, Инвестициялық омбудсмен институты құрылды, сондай-ақ инвесторларды тарту бойынша Үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылды»,-деді вице-министр болгарлық бизнесмендерге қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар ол шетел кәсіпкерлеріне елімізге инвестиция салу үшін тиісті қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді.
«Болгарияның іскер топтарын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз. Біз инвестициялық қолдаудың толық шоғырын көрсетуге және жан-жақты жәрдем жасауға дайынбыз»,-деді Е. Хаиров.