Бұл туралы ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Шұғыл деректерге қарағанда, « Bek Air » авиакомпаниясының «Фоккер-100» типті әуе кемесі « Қызылорда-Астана» бағдарымен рейс орындауы барысында шассидің алдыңғы тіреу тағанынсыз апаттық жағдайда жерге қонған, деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Кесте бойынша ұшақ Астанаға 09.45-те қонуға тиіс болатын. Алайда штаттан тыс жағдайда өрт шығу қаупін мейлінше азайту қажет болды. Осыған байланысты ұшақ әуеде қосымша 50 минуттей уақыт ұшып жүрді. Ол екі ортада Астана әуежайы өрт болу қаупінің алдын алу мақсатында ұшу-қону жолағын көбікке толтырды. Қосымша 7 өрт техникасы мен 4 жедел жәрдем машинасы әзірленді.
Ұшақ 10.36 -да қонды. Ұшақ бортында 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болды. Жапа шеккендер жоқ.
Әуежайдың, қаланың шұғыл қызметтерінің үйлесімді жұмысы мен әуе кемесі экипажының жоғары кәсібилігін атап өткен ләзім.
Қазіргі уақытта ҚР ИДМ арнайы комиссиясы құрылды. Зерттеу нәтижесі кейінірек хабарланатын болады.