ҚР ІІМ «Адам саудасын тоқтатайық!» акциясын өткізеді

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі «Адам саудасын тоқтатайық!» акциясын өткізеді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Адам саудасын тоқтатайық!» акциясын Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар ұйымымен бірлесіп, 2011 жылғы 23 тамызда өткізеді. Акцияның негізгі мақсаты - адам саудасы проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару болып табылады», - делінген хабарламада.

Іс-шараның аясында 23 тамыз күні Ішкі істер министрлігі, «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар ұйымы, Халықаралық көші-қон ұйымы және БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын және Астана қаласының Орталық қалалық саябағында сағат 16-00-ден 18-00-ге дейін ақпараттық науқан көзделген.

Ішкі істер министрлігі адам саудасы фактілерін және оған ілесе жүретін қылмыстарды анықтау, ескерту және жолын кесу мақсатында белгілі бір жұмыстарды ұдайы негізде жүргізеді. Ағымдағы жылы ішкі істер органдары 203 қылмысты анықтады. Оның ішінде адам саудасы бойынша - 22, кәмелетке толмағандарды саудаға салу бойынша - 14, пайдалану мақсатында адам ұрлау - 20, пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша - 10, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша - 15, жезөкшелікпен айналысу үшін жеңгетайлық притондар ұйымдастыру және ұстау, жеңгетайлық бойынша - 122 қылмыстық іс қозғады.

Ағымдағы жылдың басынан бастап адам саудасына қарсы күрес жөніндегі «116 16» сенім телефонына 600 қоңырау келіп түсті. Расталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Бүгінгі таңда адам саудасы бүкіл әлемде кең етек алып, қазіргі көші-қон проблемаларымен тығыз байланысты болып отыр. Бұл әлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын туғызып, осы келеңсіз көрініске қарсы іс-қимыл жасау үшін бірлесе шұғыл, шешуші және жан-жақты әрекетті қажет етеді.

1791 жылғы 23 тамызда құлдар көтерілісі болып, құл иелену жүйесінің жойылу процесіне бастау берді. ЮНЕСКО-ның (БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы) атқарушы кеңесінің ұсынысы бойынша осы оқиғаны мәңгілік есте қалдыру мақсатында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге жыл сайын 23 тамызды Халықаралық құл саудасының құрбандарын еске алу және оны жою күні ретінде атап өту ұсынылған.