Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларымен болған кездесуде А.Қажкенов, құқық қорғау органдарында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты қоғамның полицияға сенімін арттыру болып табылатындығын айтып, халықтың берген бағасы жұмыстың негізгі көрсеткіші екендігін қадап жеткізді. Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында 2010 жылы ішкі істер органдарының қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты 16 заң жобасы қабылданды. Премьер-Министрдін басшылығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылып, ол бойынша 2011-2013 жылдарға арналған бағдарлама жасалды.
ІІМ Криминалдық полиция комитетінің орынбасары облысқа сапары барысында сондай-ақ, салт аттылар взводының және кинология орталығының қызметімен танысты. Атап айтқанда, қылмыстарды ашу және қылмыспен күресуде қызметтік иісшіл иттерді пайдаланудың артықшылықтары көрсетіліп, одорологиялық зертхананың қызметі таныстырылды.
А.Қажкенов бастаған республикалық ақпараттық үгіт- насихат тобы алдағы екі күнде Тайынша және Айыртау аудандық ішкі істер бөлімдерінің жеке құрамымен кездеседі.