Қазақстанның V азаматтық форумының шеңберінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде ведомство басшылығы мен форум делегаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін бөліністер, атап айтқанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру, олардың өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудегі ролі, тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасының профилактикасы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбандарына көмек көрсетудің әлеуметтік бағдарламалары мен мемлекеттік стандарттарын әзірлеу мәселелері әңгіменің өзегі болды.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл жасасу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі, жұмыс барысында пайда болатын проблемаларды талқылады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков кездесуге қатысушыларға «қылмысқа қарсы күрес мемлекет пен қоғамның барлық ресурстарын жұмылдыруын қажет етеді, ол тығыз серіктестіксіз мүмкін емес. Бүгінгі форум - жалпы мақсатқа жету үшін күш-жігерді қосуға деген ұмтылыстың дәлелі болып табылады» деді.