ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Наурыз мерекесін атап өтті

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің ұжымы келе жатқан Әз-Наурызды думанмен қарсы алды.

Көліктегі ІІД-нің қызметкерлері күн мен түн теңесетін, ізгілік пен жақсылық салтанат құратын Наурыз мейрамын жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Биыл да осы үрдісінен жаңылмаған ұжым дастарған жайып, басқарма, дербес бөлім қызметкерлері арасында елдің салт-дәстүрін көрсетіп, ұмыт болып бара жатқандарын жандандыруға бағытталған байқаулар өткізді.

Топ-топқа бөлінген қызметкерлер негізінен қазақтардың бесікке салу, тұсау кесу, келін түсіру, беташар, қырқынан шығару деген дәстүрлері мен ырым-жораларын көрсету, қазақтың тұрмысына байланысты киіз үй ішін ең үздік безендіру бойынша қарым-қабылеттерімен сынасты.

«Басты мақсатымыз - ат әбзелдері, көне замандағы қару-жарақтар, кешегі тұрмыста қолданылған заттар, қайыс өңдеу, тері талқылау, түскиіз басу сынды өмір салтына қажетті бұйымдардың қасиетін келесі ұрпаққа жеткізу, еліміздің елдігін, жеріміздің еңсесін, бірлігін сақтау деп ойлаймын»,-деп атап көрсетті Көліктегі ішкі істер департаменті Заңсыз көші-қонға қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Садықов.