ҚР ІІМ мен Германия криминалдық полициясы федералдық ведомствосының (БКА) өкілдері трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасасу мәселелерін талқылады

None
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы тамыздың 10-ында Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы А.Кулиничтің Германия криминалдық полициясы федералдық ведомствосының (БКА) Президенті Йорг Циркемен кездесуі өтті, деп хабарлайды Республикасы ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті.

БКА герман криминалдық полициясының орталық органы, сондай-ақ ГФР Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы Ұлттық Орталық Бюросының (Интерпол) құрылтайшысы және Европол бойынша ұлттық орган болып табылады.

БКА-ның Орталық Азиядағы өкілдері және Ішкі істер министрлігіне қарасты бірқатар қызметтердің басшылары қатысқан бұл кездесу Қазақстан мен Германия құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын нығайту ісінде үлкен маңызға ие.

Кездесуде ынтымақтастық бағыттары, оның ішінде трансұлттық қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан түрлеріне және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жасасу мәселелері талқыланды.

Кездесуге қатысушылар осы салалардағы қарым-қатынастарды дамыту жөнінде, сондай-ақ алдағы уақыттағы өзара іс-қимылдың келешегі жайлы пікір алмасты.

Кездесу достық, өзара түсіністік пен сындарлы диалог жағдайында өтті.