ҚР ІІМ мен ШҚО мемкірістер департаментінің лауазымды тұлғалары ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро ішкі істер және мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары қамауға алынғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы Ақтөбе бөлімінің басшысы С. Абдуллаев әшкере болды, ол ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерінен жауапкершілікке тартпау үшін 2 млн. теңге талап еткен. Ол талап еткен параның бір бөлігі - 700 мың теңгені алу үстінде ұсталды және Ақтөбе ІІД уақытша ұстау абақтысына қамалды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Сонымен қатар ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Аягөз ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына 250 мың теңге пара алуға итермелеген сол мекеменің коменданты Ж. Қожаева ұсталды.

«Заңсыз сыйақы Аягөз қаласының орталық базарында алкогольді өнімді сатуға рұқсатты алу үшін және оған «қамқорлық» көрсетуге арналған. Ж.Қожаева Аягөз аудандық ІІО-ның уақытша ұстау абақтысына жеткізілді», - делінеді Ұлттық бюро хабарламасында.

Сот алдындағы тергеу жұмыстары жалғастырылуда.