ҚР ІІМ вокзалдар мен әуежайларда қауіпсіздік шараларын күшейтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ көліктегі ІІД Қазақстанның теміржол вокзалдары мен әуежайларында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Көліктегі ІІД 16 мың км-ден астам темір жолға қызмет етеді, соның ішінде 303 теміржол вокзалы, 18 әуежай бар. 18 әуежайдың 16-сы халықаралық маңыздағы нысандар.

18 қарашада департаменттің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Астана қаласының теміржол вокзалында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел-алдын алу шараларын өткізді.

«Елдің теміржол вокзалдары мен әуежайларында полиция жасағы бекітілді. Олар үнемі қызметтік-іздестіру иттерін тартып, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ және әуежайлардың АҚҚ қызметкерлерімен бірлесіп қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін міндеттерін атқаруда. Әуежайлардың тексеру қызметі келіп-кетіп жатқан жолаушыларды тәулік бойы мұқият тексеріп жатыр», - деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Садықов.

Н. Садықов атап өткендей, тексерудің бірінші желісі Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жамбыл, Шымкент, Защита, Қостанай, Көкшетау әуежайларында орнатылды. Өзге әуежайларда да тексерудің бірінші желісін орнату жоспарланған.