Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов БАҚ өкілдеріне мәлім етті.
Оның атап өтуінше, су тасқыны жағдайлары басталғаннан кейін еліміздің барлық қауіпті жолдары бойында бақылау бекеттері орналастырылды.
«Ал ол жерде бекет болмаған. Бірақ қасындағы адамдар көмектескен, 10 баланы құтқарып, ата-аналарының қолына табыстаған. Біз ол жерде неліктен бекет болмағандығын тексеріп жатырмыз», - деді Қасымов.
Айта кетейік, 16 сәуір күні Атбасар қаласына бағыт алған «Паз» автобусы су шайып кеткен жолмен өтпек болып, жол шетіндегі жыраға құлап кетті. Автобус ішінде 15 жолаушы болған. Оның 10-ы - балалар. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта Жамбыл, Алматы облыстары мен Астанадан құқық қорғау органдарының 3 мың адамы су тасқыны қаупі бар еліміздің 5 облысына жіберілгендігін атап өтті.
«Біздің ойымызша 3-5 күннен кейін су тасқыны қаупі сейіле бастайды. Табиғи апатпен күрескен қажетті қаржыны жергілікті әкімдіктердің өздері бөлуде. Кейінірек жағдайды бағалап өтінім беретін болса, онда республикалық бюджеттен де қаржы қарастырылады»,- деді министр.
Оның пайымынша, су тасқыны қаупінің күрт күшеюіне биыл қардың шекті нормадан 3 есе көп түсуі, өткен аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері жаңбыр жауып, қардың бірден еруіне түрткі болу себеп.