Шара энергия саласындағы Қазақстан-Америка әріптестігі комиссияның аясында ұйымдастырылған. Семинарға АҚШ-тың жаңаратын энергия көздері зертханасы және АҚШ энергетика министрлігі Окридж ұлттық зертханасының мамандары, ҚР мемлекеттік органдарының, ғылыми-зерттеу институттарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысуда.
Екі күндік жұмыс барысында жаңаратын энергия көздерінің Қазақстанда дамуы мен пайдалануының проблемалары талқыланады. Сонымен қатар, шетелдік мамандар Қазақстан үшін өндірістік энергия тиімділігі саласында озық тәжірибелермен таныстыратын болады.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов өз сөзінде жаңаратын энергия көздерін дамыту мәселесі бойынша біз үшін күн мен жел күшін пайдалану өте маңызды бағыттардың бірі деп атап өтті. Сарапшылардың есебі бойынша, Қазақстанда жаңаратын энергия көздерінің әлеуеті өте жоғары және ол 1 трлн. астам кВт/сағ. деп бағалануда.
Вице-министр жаңаратын энергия көздері секторын дамытудың қолдау тетіктері қажет екенін баса айтты. Өткен жылы «Жаңаратын энергия көздерін қолдау туралы» Заң мен бірнеше нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың басында 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаттық индикаторларына сәйкес алғашқы бес жылда жалпы пайдаланылатын энергия көлемінің 1%-ы - жаңаратын энергия көздеріне тиесілі болуы тиіс. Сондықтан жаңартылған энергия көздерін жалпы энергия балансына қосу мақсатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан қажетті жұмыстар атқарылуда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама міндеттеріне сәйкес «Энергия сақтау және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң жобасы әзірленіп жатыр. Оның негізгі ерекшелігі - энергия үнемдеуді ынталандыру мен мәжбүрлеу және энергия тиімділігін арттыру тетіктері болып табылады.
Жалпы, жаңаратын энергия көздерін дамытуға бағытталған шаралар 2020 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдардың көлемін 15% азайтуға және ұлттық экономиканың бәсекелестігін арттыруына өз ықпалын тигізбек.