18:25, 17 Сәуір 2009
ҚР Ішкі істер министрі ағымдағы кезеңдегі басымдықты міндеттерді белгіледі
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат – Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтің төрағалығымен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысы өтті, онда министрліктің ағымдағы жылғы бірінші тоқсандағы жұмыс қорытындылары және Мемлекет басшысының «Дағдарыстан – дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі ішкі істер органдарының міндеттері белгіленді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Тұтастай алғанда елдегі жағдай тұрақты. Ішкі істер органдары тіркеген қылмыстардың жалпы саны 12,1 пайызға қысқарды. Кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық шабуыл, тонау, ұрлық және басқа да қылмыстар азайды. Ұйымдасқан қылмыспен күрес мақсатты жүргізілуде: 13 қылмыстық «серкелер», 18 көшбасшысы және ұйымдасқан қылмыстық топтардың 87 қатысушысы жауапқа тартылды, 2 718 есірткі қылмысы анықталды. Көшелер мен басқа да қоғамдық орындардағы тәртіп жөнге келтірілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтауға жұртшылық, азаматтық қоғам институттары көптеп тартыла бастады. Мектептердегі инспекторлар жұмысы жандандырылуда. Дегенмен, экономикалық күрделі жағдайында қылмыстың кейбір түрі өсе түсуі мүмкін. Сондықтан да ІІМ қылмыстық жағдай күрделене түсетін аймақтарда жағдайды ерекше бақылауға алуы тиіс.С.Баймағанбетов ІІД басшыларынан қылмыспен күрестің жағдайына жер-жерде мониторинг жасауды, қылмыстық жағдайдың келеңсіз көріністеріне жедел және дер кезінде үн қатуды, мақсатты алдын алу жұмыстарын жүргізуді, аймақтық және көліктік полициялар бөлімдер басшыларының жеке жауапкершілігін күшейтуді талап етті. Алқа отырысында Шығыс Қазақстан облыстық ІІД қызметін кешенді инспекторлық тексеру нәтижелері қаралды, министрліктің бұйрықтары мен нұсқаулары талаптарын өрескел бұзғаны және жұмыстағы елеулі кемшіліктері үшін облыстық ІІД бастығының кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары, Семей және Өскемен қалалары ІІБ бастықтары, облыстық департаменттің бірқатар қызметтерінің жетекшілері қызметтерінен босатылды. Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының нұсқауларына сәйкес ішкі істер органдарының ағымдағы кезеңдегі басымдықты міндеттерін белгіледі. Бұл ? қоғамдық тәртіпті сақтаудың формалары мен әдістерін жетілдіру, көшедегі және жастар қылмысымен күресті күшейту, ұйымдасқан қылмысқа қатаң түрде қарсы тұру, есірткі бизнесімен және нашақорлықпен, өз қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресті жандандыру, кадрлық әлеуетті нығайту, полицияның беделін және халықтың сенімі деңгейін көтеру.Министрлік алқасы барлық органдардан және бөлімдер басшыларынан Мемлекет басшысының құқықтық тәртіпті нығайту және қылмыспен күрес мәселелері бойынша тапсырмаларын мүлтіксіз орындауды талап етті.