ҚР Ішкі істер министрі Елбасының құқық қорғау органдарының алдына қойған тапсырмаларын орындау мақсатында кеңес өткізді

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен сенбі, тамыздың 7-сі күні ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еліміздің құқық қорғау органдары басшыларының алдына қойған тапсырмаларын іске асыру мақсатында, Алматы қаласындағы ведомствоға қарасты құрылымдармен кеңес өткізді.

Ішкі істер министрі Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Ішкі істер департаменттерінің, Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД-нің басшылық құрамымен және Алматы гарнизоны Ішкі әскерлер құрылымдарының қолбасшылығымен кездесті.

Еске сала кетейік, тамыздың өткен 4-і күні ҚР Президенті Н.Назарбаев еліміздің құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізіп, Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмысқа қарсы, есірткі бизнесі мен қарудың заңсыз айналымына қарсы күрестерді күшейту, көшелер мен басқа да қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі істер органдарында азаматтардың арыздарын қарастыру кезінде заңдылықты сақтау мәселелеріне баса назар аударуды тапсырған болатын.