«ҚР ІТ-менеджерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылмақ

АЛМАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «Қазақстан Республикасының ІТ-менеджерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін құруға арналған конференция өтті.

Іс-шара барысында ұйымдастыру комитетінің тең төрағалары отандық кәсіпорындарды дамытудағы ІТ-менеджерлердің жоғары рөлін, нарықта кәсіби IT-менеджерлер мен білікті мамандардың қажеттілігі жөнінде сөз қозғады.

«Бұл қауымдастық IT жетекшілердің өзара тәжірибе алмасуына және білім саласына да өз пайдасын тигізеді. Қазіргі кезде еліміздің экономикасын өрлетуге IT мамандарына деген қажеттілік үлкен», - дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқар Құсайынов.

«Қазақстан Республикасының ІТ-менеджерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін құрудағы негізігі мақсат - еліміздегі ІТ жетекшілер мен мамандардың құзыреттілігін арттыруға деген ықылас», - деп атап өтті өз сөзінде «Зерде» холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева.

Қазіргі таңда Ресей, Украина, Белорусь сияқты мемлекеттерде IT-менеджерлер қауымдастығы ірі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында ең заманауи ақпараттық жүйелер мен технологияларды енгізуде және IT-менеджерлердің құзіреттілігін халықаралық деңгейге жеткізуде қозғаушы күшке айналып отыр.

Қазақстанда осындай қауымдастықты құру қазақстандық ІТ-менеджерлердің өзге елдердің тиісті қауымдастықтарымен тәжірибе алмасу мақсатында бірігуіне мүмкіндік бермек.

Аталған жиынға ұйымдастыру комитетінің тең төрағалары «Зерде» холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева, ҚБТУ вице-ректоры Фуад Гаджиев, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқар Құсайынов, сонымен қатар K'Cell компаниясының ІТ қолдау секторының басшысы қатысты.