ҚР қадағалау органдары командалары арасында шағын-футбол мен волейболдан өткен жарыстың қорытындылары

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және прокуратура органдарының құрылған күні құрметіне арналған

еліміздің прокуратура органдарының командалары арасында шағын-футбол мен волейболдан өткен ведомстволық чемпионат аяқталды.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Жарысқа республикамыздың прокуратура органдарының, ведомстволары мен мекемелерінің құрама командалары қатысты, оның ішінде волейболдан әйелдердің құрамасы да өздерін көрсетті.

Шағын-футболдан чемпионаттың жеңімпазы және Бас прокурордың Кубогының иегері болып Бас прокурордың құрама командасы алға шықты, екінші орынды Бас әскери прокуратураның командасы жеңіп алды. Үшінші жүлделі орын Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының командасына бұйырды.

Жарысты ұйымдастырушылар «үздік шабуылшы» номинациясы бойынша Кеншібаев Қуанышты (Алматы облысы прокуратурасының командасы) жеңімпаз деп тапты. «Үздік қорғаушы» болып Шитенов Арман танылса (Бас әскери прокуратураның командасы), ал «Үздік қақпашы» номинациясы Таужанов Ерболдың (Бас Прокурордың командасы) еншісіне тиді.

Ерлер арасында волейболдан өткен ойынның қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпазы және Бас Прокурор Кубогының иегері болып Алматы облысы прокуратурасының командасы танылды. Екінші орынды Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің командасы иеленді. Үшінші жүлделі орын Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының командасына бұйырды.

Әйелдер арасында волейболдан өткен ойынның қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпазы және Бас прокурор Кубогының иегері болып Оңтүстік-Шығыс аймағының прокуратура органдарының құрама командасы атанды. Екінші орын - Бас прокуратураның командасына, үшінші орын Солтүстік-Батыс аймағының прокуратура органдарының құрама командасына берілді.

Жарысқа белсенді қатысқаны үшін грамоталармен төртінші орын алған Орталық аймағының әйелдер командасының ойыншылары марапатталды.

Бірінші орындарды алған командаларға кубоктар, грамоталар мен естелік медальдар табыс етілді. Үздік номинациялардың иелеріне грамоталар мен бағалы сыйлықтар берілді.