ҚР Қарулы Күштері оқу-жаттығу дабылының белгісі бойынша жоғары әзірлік деңгейіне келтірілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең ҚР Қарулы Күштері жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді. Өңірлік қолбасшылықтардың, Аэроұтқыр әскерлердің, ҚР Қарулы Күштері барлық түрлерінің әскерлері оқу-жаттығу дабылының белгісі бойынша көтерілді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Бас штабтың командасы бойынша Құрлық әскерлерінің топтамасы оқу-жаттығу орталықтары мен полигондарда жаттығу-жауынгерлік міндеттерді атқаруға кірісті. Бұл іс-қимылдарға 4 мыңға жуық қару-жарақ пен әскери техника тартылды», делінген хабарламада.

Әуе қорғанысы күштері құрамынан жауынгерлік кезекшілік атқаратын күштер мен құралдар әуеге көтеріліп, 100-ден астам түрлі авиациялық техниканың қозғалтқыштары іске қосылды, запас әуеайлақтар пайдалануға әзірленді. Әскери-теңіз күштерінің кемелері кемеге қарсы, әуе шабуылына қарсы, су асты диверсиясына қарсы оқу-жаттығу міндеттерін пысықтау үшін теңізге шықты.

Қарулы Күштер топтамасынына жалпы басшылықты Стратегиялық басқару орталығынан ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов жүргізді.

Жүргізілген сабақтардың мақсаты - басқару органдары мен жеке құрамның қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде атқарудағы үйлесімділігін арттыру болып табылады.