ҚР Қарулы Күштері Жеңістің 70 жылдығына арналған «Мәңгі есімізде» акциясын қорытындылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Отан қорғаушылар» алаңында, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Мәңгі есімізде» акциясы аясында жиналған фотолар орналастырылған баннерді ашу рәсімі өтті.

Бұл суреттегілер қазақстандық әскери қызметшілер және олардың Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстары, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Елімізде өткізген «Мәңгі есімізде» акциясы бірегейлігімен ерекшеленеді. Бұл іс-шара қазақстандық бірнеше буынның, қазіргі әскери қызметшілер мен олардың батыр туыстарының басын қосып, сұрапыл соғыстағы жаңа батырлар есімін, олар жасаған қайталанбас тарихи тағдырларын білуге мүмкіндік берді.

«Бүгін біз ерекше оқиғаға орай Ұлы Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күні қарсаңында қасиетті жерге - Мәңгілік алауға жиналдық. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс бізге сансыз қайғы-қасірет пен құрбандықтың құнымен келді. Біз құрбан болғандар туралы естелікті қастерлейміз. Сіздерді Ұлы Жеңіс күні және Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін «Мәңгі есімізде» атты акцияның аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арнап жеңіл атлетикадан жүгіру өткізеді. Бұл біздің батырларымыздың мәңгі өшпейтін даңқына құрмет көрсету», - деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев.

Қарулы Күштерде қаңтар айында басталған «Мәңгі есімізде» акциясы бірнеше ай ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі мыңнан аса әскери қызметшілерді біріктірді. Осы орайда акцияға қатысушылар өздерінің отбасылық мұрағаттарынан суреттер жіберіп, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында шайқасқан туыстары мен таныстары туралы ерекше тарих жөнінде әңгімелеп берді. Аталған баннерді жасауға қатысушылардан барынша қызықты 130 сурет іріктеліп алынды.

Салтанатты рәсімнен кейін 450-ден аса әскери қызметші жақын қалған айтулы күннің құрметіне Бауыржан Момышұлы ескерткішіне дейін үш шақырым жерге жүгірді.