ҚР Қарулы күштерінде алғаш рет автомобильдерді техникалық сүйемелдеу жөнінде ілкі жоба іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы ҚР Қарулы Күштерінде алғаш рет Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жарақтандыруында тұрған 350-ден аса КамАЗ көліктерін техникалық сүйемелдеу бойынша ілкі жоба іске қосылды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жарақтандыруында тұрған автомобильдер мен КамАЗ-дың базалық шассилерін кешенді техникалық сүйемелдеу автомобильдердің жұмыс қабілеттілігінің жай-күйі мен ресурсын ұстап тұруға және қалпына келтіруге, ақаулықтарды жоюға бағытталды. Бұл жобаны 2015 жылғы шілдеден бастап Ақмола облысының Ерейментау қаласында орналасқан «Қазақстан инжиниринг 811-ші автожөндеу зауыты» АҚ іске асырып келеді. Жобаның аяқталу мерзімі - ағымдағы жылдың желтоқсаны. Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы Күштерінің жарақтандыруында тұрған КамАЗ автокөліктері адамдарды, техниканы, отынды және т.б. тасымалдау бойынша міндеттерді орындайды. Зауыт қызмет көрсету және жөндеу бойынша жұмыс кешенін жүргізеді, КамАЗ автокөліктерін уақтылы қалпына келтіру және пайдалануға ұдайы әзрлікте ұстап тұруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің КамАЗ маркалы автокөліктерінің барлық паркіне техникалық сүйемелдеу жасауды орындауға әзір.

Бүгінгі таңда «Қазақстан инжиниринг 811-ші автожөндеу зауыты» «КамАЗ» бас компаииясының қызмет көрсету орталығымен аттестаттаудан өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің мұқтаждығы үшін әскери және екі мақсаттағы өнім шығаратын «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың бірден-бір еншілес ұйымы болып табылады. Қазіргі уақытта зауыттың білікті персоналы, қажетті күш-қуаты және жылына 1 800 автокөлікке қызмет көрсетуге арналған құрал-жабдығы бар.